«Бізге қаржы омбудсмендері керек пе?»- республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 23-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Өңірді өркендететін күш - өндіріс» деген тақырыппен мемлекет басшысының Оңтүстік Қазақстан облсындағы жұмыс сапары туралы жазды.
Аталмыш басылымның бүгінгі санында «Бесінші жол» деген тақырыппен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Интерфакс» агенттігі мен «Известия» газетінде жарияланған XXI ғасыр басындағы өркениеттік дағдарысқа арналған мақаласы берілген.
Биыл бұрынғы Семей облысының Абай, Абыралы өңірінде алғашқы сутегі бомбасының жарылып, сынақ жұмыстарының басталғанына 60 жыл толып отыр. Соған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны «Аяқталмаған трагедия» деген тақырыппен оқырман назарына осы өңірдің тумасы, белгілі әдебиетші, академик Рымғали Нұрғалидың осы тақырыпқа арналған екі новелласын ұсыныпты.
***
«Алаш айнасы» бірінші бетінде «Керекуліктерге кемеңгерлер керек болмай тұр» деген айдармен биыл туғанына 110 жыл толған қазақтың біртуар қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туған жері Павлодардан ескерткіш тұрмақ, белгітас та бұйырмай тұрғандығын тілге тиек еткен өзекті мақала жариялаған. Мақалада Кереку өңірінен шыққан басқа да қазақтың бір турар ұлдарын ұлықтауға әкімдік тарапы немқұрайлық танытып отырғаны айтылған.
«- Біз адамдардың қалаға кіруіне тыйым сала алмаймыз. Бірақ өздеріңіз білесіздер, әлемдегі Лондон сынды ірі қалаларда тарихи орталық бөліктеріне кіру үшін ақы төлеу қажет. Біз де орталықтағы көлік санын азайту үшін осындай мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Бұл болашақтың еншісіндегі мәселе, әзірге талқыланып жатыр», - дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ербол Шорманов. Алматы әкімдігі келешекте қала көшелеріндегі көлік санын азайту мақсатында қала орталығындағы ірі көшелерді ақылы ету мүмкіндіктерін қарастырып отырға көрінеді. Бұл турасында «Алаш айнасындағы» «Ақша жинау тығын мәселесін шеше ала ма?» атты мақаладан оқыңыздар.
«Ең алдымен ескертерім, қаржы саласындағы омбудсмен институты ежелден нарық қоғамында өмір сүріп жатқан елдердің кейбіреулерінде бар, кейбіреулерінде жоқ. Демек бұл болуы міндетті құрылым емес. Екіншіден, бұл институт қызметінің «жауыннан қорғайтын қолшатырдай» да пайдасы жоқ па деген күдігім бар» - дейді экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдин.
«Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Бізге қаржы омбудсмендері керек пе?» деген сауалға құрылған мақала осы саланы жетік білетін мамандардың пікірін ортаға салады.
***
«Алтын орда» апталығының бүгінгі санында «Халал деген немене? Харам деген немене?» деген мақала берілген. Мақала адал мен арамды ажырата білуді, адал ас ішіп, адамша өмір сүруді насихаттайды.
«Бірлік берекеге бастайды». Осы тақырыппен аталмыш басылымның бүгінгі саны Ақтөбе қаласының құрылғанына 140 жыл толуына орай өткен салтанатты іс-шараға мақала арнаған.
Елбасының оңтүстік облыстарға сапарын «Казахстанская правда», «Экспресс К» газеттері де кеңінен жазды.
«Ежелгі тараз жеріндегі сапар біртіндеп көрші облысқа - Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарына ауысты. Екі облыс та ауыл шаруашылығына бейімделген. Бірақ оларды жақындастыратын жалғыз бұл емес. Соңғы кездері екі облыс та озық өндірістер мен ірі инвестжобаларды дамытудың өңірлік орталығына айналып келеді», дейді «КазПравда».
«Известия Казахстан» газетібүгінгі нөмірінде Мемлекет басшысының «Бесінші жол» мақаласын жариялады. Онда Елбасының қазіргі қаржы-экономикалық дағдарыстың себеп-салдарына үңілген ой-толғамдары берілген.
Еліміздің іскерлік кеңістігін сірә жылымық кезең күтіп тұрған секілді. Үкімет бизнесті бақылаушы органдардың санын қысқартпақ ниетте. Бұл турасында «Экспресс К» газетінен оқи аласыздар.