14:43, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Бізге Қазақстан қоғамын құру доктринасы аса қажет ? А.Айталы
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстан қоғамын құру доктринасы бүгінгі күннің басты мәселесі болуы шарт. Бүгін елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңестің бірінші отырысында академик Амангелді Айталы осындай пікір білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, егемен ел атанғаннан бергі жылдары Қазақстанның қол жеткізген негізгі жетістігі - ұлтаралық келісім. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елімізде қалған басқа халықтардың жаңа мемлекетте бейімделуіне жан-жақты жағдай жасалып, бүгінгі күнде осы мәселеге баса назар аударылып келеді. Енді қазақ тіліне, мәдениетіне және тағы басқаларына қатысты мәселелер туындап отыр. Оның үстіне, еліміздегі ұлт пен ұлыстарды жік-жікке бөлуді мақсат еткен ішкі және сыртқы саяси күштер әлі де бар. «Сондықтан, бізге Қазақстан қоғамын құру доктринасы аса қажет. Әзірге біз тілдік мәселе шеңберінен шыға алмай келеміз. Ал оның арғы жағында мәдени-ұлттық проблемалар және жалпы этносаралық қарым-қатынас мәселесі жатыр. Бұл үлкен проблема. Сол себепті Қазақстанда ұлттық саясатты дамыту және ұлтаралық қатынасты реттеу саласындағы нақты құжат, доктрина я болмаса, концепция қажет», - дейді А.Айталы.