Бізге қоғамдық тәртіпті, қоғамдық орындардағы адамдардың іс-әрекеттерін реттейтін қарапайым әрі түсінікті заң керек - Елбасы
АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - Бізге қоғамдық тәртіпті, қоғамдық орындардағы адамдардың іс-әрекеттерін реттейтін қарапайым әрі түсінікті заң керек.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламентінің бесінші шақырылымының екінші сессиясының ашылуы барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Таяуда ғана бүкіл еліміздегі жалғыз метроның Алматы қаласында ашылғандығын айта келе Мемлекет басшысы: «Қазірдің өзінде кейбір вагондардағы орындықтар бүлінген, бояумен жазылған жазулар бар. бұл балалық не болмаса кішігірім бұзақылық емес, мемлекет мүлкіне жасалған қылмыс», - деді.
Осы орайда Елбасы кінәлілерді жазаға тарту құқық бұзылған жерде өтуі керектігін атап өтті. «Кіреберісте қоқыс қалдырса, сот орындаушысының бақылаумен бір ай баспалдақты тазалап жу. Саябақтағы шамды сындырсаң, шығынын өтеумен қатар, мәселен 2 апта бойы аллеяны тазалап, сыпыр. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, мәселен, Америкада киножұлдыздар да, белгілі саясаткерлер де кішігірім бұзақылығы үшін заңды жаза ретінде көше сыпырады. Бізге қоғамдық тәртіпті, қоғамдық орындардағы адамдардың іс-әрекеттерін реттейтін қарапайым әрі түсінікті заң керек», - деді ҚР Президенті.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Парламент депутаттарын дәл осындай заң қабылдау бастамасын көтеруге шақырды.