Бізге революция емес, эволюция керек - Н.Назарбаев
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Бізге революция емес, эволюция керек. Біз Кеңес Одағы кезінде-ақ түрлі революциялардың зардабын тарттық. Енді азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік бағытты дамыту, білім беру ісін жетілдіріп, денсаулық сақтау саласын дамыту, азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету сияқты мәселелер бірінші орынға шығу керек,
деді бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің «Ресей-24» телеарнасына берген сұхбатында.
«Египет туризм саласы арқылы жылына 14 миллиард АҚШ доллары көлемінде пайда тауып келіпті. Ал өткен жылы олар 3 миллиард доллардан аз пайда тапты. Яғни Египет бір жыл ішінде 11 миллиард доллардан қағылды. Түптеп келгенде, бұның барлығы халықтың әл-ауқатымен тікелей байланысты дүниелер болатын», -деді Елбасы.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде Ливия елінде билік жоқ. Ал Ливия, Тунис, Египет сияқты елдерде сайлаулар өткеннен кейін билік басына кімдер келеді, ол жағы белгісіз. Бізге түсініктісі Ислам мемлекеттері Шәриғатқа басымдық береді. «Осы ретте біз түрлі революциялардан не пайда таптық деген сауал туындайды. Бізге қазір революция емес, эволюция керек», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы сөзінде қазір бізге төніп тұрған нақты қандай да бір қауіп-қатердің жоқтығын, алайда ол туындай қалса бірінші кезекте оңтүстіктен болуы ықтималдығын атап өтті. «Өйткені есірткі мен есірткі ағыны үлкен қауіп. Ауғанстан жыл сайын есірткі заттарын өндіру ісін кеңейтіп отыр. Ал ұжымдық күштер Ауғанстаннан кететін болса, бұл елде қандай билік орнап, оның қандай саясат жүргізетіндігі белгісіз. Сондай-ақ Иран, Израиль сияқты елдердің бір-біріне қарсы тұру әрекеттері немен аяқталуы мүмкіндігін де біз білмейміз. Жалпы Таяу Шығыстағы жағдай болашақта қандай болады? Бұның барлығы бізге беймәлім», - деді Президент.