Бизнес бастағысы келетін 260 ақтаулыққа қайтарымсыз грант берілді

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бизнес бастағысы келетін Ақтау қаласының 260 тұрғынына мемлекеттен гранттар берілді. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов тұрғындарға есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін грант берудің бүкіл процесі электронды форматқа ауыстырылды. Осы жылы Ақтау қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына 715 өтінім келді. Оның 260-на комиссия шешімімен грант берілді. Соның ішінде 130-ы әлеуметтік санаттар, ал қалған 130 грантты жастар алды. Ашылған кәсіптердің басым көпшілігі шаштараз, кондитер, тігінші, көлік дөңгелегінің монтажы, сұлулық салондары мен жартылай дайын өнімдер жасау, массаж және баспаханалар»,- деді Ербол Ізбергенов.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар мөлшері – 400 АЕК, яғни 1 225 200 теңге. Қатысушыға грант тек бір рет беріледі.

Мемлекеттен грант алу конкурсына еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, оралман қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы немесе зайыбы), мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар (жұбайы немесе зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар және 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.


Соңғы жаңалықтар