Бизнес қоғамдастығы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын қабылдайтын кез жетті
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды заңнамалық қамтамасыз ету: мәселелер мен оларды шешу жолдары» атты тақырыпта өткен жиын барысында басқосуға қатысушылар бірқатар ұсынымдар қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі жағдайда халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ерекше өзектілікке айналып отыр. Мемлекет және бизнес қоғамдастығы осы бағытта бірқатар шаралар қабылдауда. 1993 жылдан бастап ел Үкіметінің, республика жұмыс берушілерінің және кәсіподақ өкілдерінің арасындағы Бас келісімге қол қойылып келеді. 2009-2011 жылдарға арнап үшжақты келісім жасалып, онда жұмыс орындарын сақтау және икемді жұмыс кестесін қолдану, жұмыс берушінің есебінен жаңа кәсіпті игеру үшін жұмыскерлерді қайта даярлау жөніндегі түсіністікке қол жеткізілді. Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар мемлекеттің де бизнестің де қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі бар екендігін айғақтайды», делінген ұсынымда.
Сонымен бірге, жиынға қатысушылар бизнес қоғамдастығының өз қызметінде корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын айқындаудың және қабылдаудың пісіп жетілгенін алдыға тартады. Өйткені, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қазіргі әлемде қайырымдылық ретінде ғана емес, компаниялардың іскерлік беделін және капиталдандырылуын арттыратын тиімді қызмет ретінде де қабылданып келеді. «Бұл бизнестің қоғамның, әлеуметтік экономикалық және экологиялық салалардың дамуына қосқан ерікті үлесі болып табылады. Яғни, бизнестің болашаққа қарай саналы түрде жасаған инвестициясы», делінген ұсынымда.