Бизнес субъектілері 600 млрд теңге қосылған құн салығын қайтара алмады

салық
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңайлатуды тапсырды.

Бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев қосылған құн салығын жедел қайтаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін талдамалық жүйе әзірленгенін айтты.

«Соңғы екі айда біз экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару бойынша берешектің жалпы сомасының шамамен жартысын бюджеттен қайтардық. Бұл жұмыс жалғасады», — деді ол.

Премьер-Министр 2023 жылы қосылған құн салығы бизнеске қайтарылғанымен бизнес субъектілері 600 млрд теңгеге жуық қаражатты ала алмағанын атап өтті.

«Бұл — тауарлар экспортын жүзеге асыратын 485-ке жуық компания. Яғни, бизнес айналым қаражатынан айырылып қалды. Бұл дегеніміз — кәсіпкерлердің құқығын бұзу. Осыған байланысты Қаржы министрлігі қосылған құн салығының расталған сомасын бизнеске қайтарып, қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңайлату жөнінде шара қабылдауы қажет», — деді О. Бектенов.

Бұл ретте Премьер-Министр қайтарылған қосылған құн салығының сомасын өз кәсібін жаңғыртуға және кеңейтуге қайта инвестициялауды көздейтін тетіктерді пысықтауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар