Бизнес үшін лицензиялармен рұқсат қағаздарын 30 пайызға қысқарту жоспарлануда - Қ.Келімбетов

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік мемлекеттік органдардың лицензиялау-рұқсат беру жүйесін және бақылау-қадағалау қызметін одан әрі реформалау бойынша тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлегендігін айта келе: «Олар Экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің таяудағы отырысында қаралатын болады. Рұқсат беру жүйесі бойынша жұмысты 2 кезеңде жүргізу көзделеді. Бірінші кезең - лицензиялар мен рұқсат қағаздарын 30 пайызға қысқарту», - деді.
Министрдің атап өтуінше, Премьер-Министр өкімімен құрылған Сараптау тобының кестесіне сәйкес, 10 мамырдан бастап мемлекеттік органдардың рұқсат қағаздарды қысқарту бойынша ұсыныстары қарала бастайды. Аталған жұмысты кәсіпкерлер бірлестіктерінің қатысуымен бір айдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
«Мемлекеттік органдардың сапалы ұсыныстар беру және Мемлекет басшысының осы реттегі тапсырмаларын орындау қажеттілігіне назар аударамын. Өңірлік деңгейде осындай жұмысты ұйымдастыру үшін ағымдағы жылы 13 мамырда облыс әкімдіктерімен кеңес өткізу көзделіп отыр», - деді Қ.Келімбетов.
Оның айтуынша, бірінші кезеңдегі жұмыс қорытындылары бойынша Елбасына нақты ұсыныстар әзірленеді. Олар мақұлдағаннан кейін тиісті заң жобасы әзірленіп,Парламентке ағымдағы жылдың 3 тоқсанында енгізіледі.