Бизнес жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасалады – Ерұлан Жамаубаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Көлеңкелі айналымның қысқаруына қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюы үлкен әсер етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бизнес жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасалады – Ерұлан Жамаубаев

«Қаржы министрлігі Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Үкіметтің кеңейтілген отырысы шеңберінде берілген тапсырмалардың дереу орындалуын қамтамасыз ету үшін келесі іс-шараларды қабылдауда. Көлеңкелі экономиканың үлесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне – 2025 жылы жалпы ішкі өнімге 15 пайызға дейін төмендету жөніндегі жалпы басым міндетке қол жеткізу үшін жүйелі негізде қажетті іс-шаралар қабылданып жатыр. Іске асырылып жатқан іс-шаралардың ішінде негізгі құралдардың бірі Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесінің толыққанды жұмыс істеуі болып қала береді. Ол үшін қолданыстағы ақпараттық жүйелер жаңартылып, мемлекеттік органдардың және екінші деңгейдегі банктердің дерекқорларымен кең интеграциялау жүргізілуде», - деді ол.

Оның атап өтуінше, шекаралас елдермен, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерімен және басқа серіктестермен онлайн режимде ақпарат алмасу жолға қойылып жатыр.

«Көлеңкелі айналымның қысқаруына қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюы және халықтың кірістерін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу үлкен әсер етеді. Салық-кеден заңнамасы мен әкімшілендіруді одан әрі жетілдірудің арқасында, оның ішінде цифрландыру арқылы бюджетке қосымша түсімдер қамтамасыз етіледі және бизнесті жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалатын болады», - деді Ерұлан Жамаубаев.