Бизнеске азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайтуға қолдау көрсету қажет - Смайылов
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жергілікті жерлерде бизнеске азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайтуға барынша қолдау көрсету қажет. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңірлерде форвардтық сатып алу, тұрақтандыру қорлары, айналым схемасын қолдану, монополияға қарсы және саудадағы реттеу шараларының іске асырылуын ерекше бақылауда ұстау маңызды. Жергілікті жерлерде бизнеске азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайтуға, сақтау көлемін кеңейтуге, логистикаға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыруға барынша қолдау көрсету қажет», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.
Сонымен қатар Премьер-Министр Сауда министрлігі Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, кешенді іс-шаралардың орындалуын нақты үйлестіруді қамтамасыз етуі тиістігін баса айтты.
«Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жақсарту қажет. Ай сайын жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, Кешенді іс-шаралардың орындалу барысын қарап, тиісті шешімдер қабылдаймыз», - деді Үкңімет басшысы.