Бизнеске қатысты жүргізілген 75 салықтық тексеру заңсыз деп танылды – Бас прокуратура

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ұсынуы бойынша бизнеске қатысты 75 салықтық тексеру заңсыз деп танылып, 60-қа жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалды.

прокуратура
Фото: ҚР Бас прокуратура

Бұл туралы Kazinform Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне заңсыз тексерулердің анықталуына Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімшелерінде тексерулерді тіркеу заңнамасы талаптарының сақталуына жүргізілген тексеру негіз болды.

Мемлекеттік кірістер органдарының қызметін тексеру барысында Салық және Кәсіпкерлік кодекстерінің нормаларында көзделген тесерулерді тағайындау және жүргізу тәртібі бойынша 300-ден астам өрескел заңбұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, уәкілетті органда тексерулердің тіркелмей жүргізілуі және оның актілерінің уақтылы берілмеуі, заңды күші жойылған тексеру парақтарының қолданылуы, тексеру мерзімдерінің бұзылуы сияқты заңбұзушылықтар орын алды.

Анықталған бұзушылықтар бақылаушы мемлекеттік орган тарапынан негізсіз қысым жасағанын білдіреді, бұл жағдай елдегі бизнестің дамуына кедергі келтіреді.

Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 45 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа және 47-сі әкімшілік жауапқа тартылды.

Осындай фактілерге жол бермеу мақсатында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізілді.​