Бизнеске қатысты тексерістер бірден 30 пайызға қысқарады - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов кәсіпкерлік қызметті реттеуге арналған өзгерістерді таныстырды. Министрдің сөзіне қарағанда, арнайы заң жобасы аясында 13 кодекс пен 103 заңға 1000-нан астам өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Біріншіден, бақылау шаралары түбегейлі өзгереді. Заң аясында «профилактикалық бақылау» деген түсінік енгізіледі. Аталған реформа тексерушілердің саясаты мен психологиясын өзгертуі тиіс. Енді, жазалау қағидатынан бұрын тәртіп бұзушылықтың алдын алуына басымдық жасалады. Бұл дегеніміз, бірден айыппұл салынбайды, алдымен кемшілікті жоюға уақыт беріледі», - дейді Сүлейменов.

Бұдан бөлек, қазіргі 114 бақылау саласының 27-сі қысқартылады. Сосын мемлекеттік органдардың бір-бірін қайталайтын 137 қадағалау функциясын мүлдем алып тастайды. Министрдің айтуынша, аталған шаралардың аясында 1137 штаттық бірлік басқа жұмысқа ауыстырылатын болады. «Сондай-ақ, заң аясында бизнесті тексеруге жататын 17,5 мың талапты алып тастау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде ондай талаптардың саны 30 мыңды құрайды. Демек, тексеріске қатысты талаптардың жартысынан көбі жойылады. Мәселен, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікке қатысты талаптардың 85 пайызын, ал өрт қауіпсіздігі бойынша талаптардың 72 пайызын алып тастаймыз», - деп атап көрсетті Тимур Мұратұлы.

Айта кеткен жөн, кәсіпкерлік қызметті реттеуге арналған жаңа заң келесі жылдан бастап күшіне енеді. Соның нәтижесінде тексерістердің саны бірден 30 пайызға қысқарады. 

Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандардың инженерлік желілерге қосылуын барынша жеңілдету көзделген. Ол үшін монополистер тарапынан рұқсат қағаздарды берудің нақты мерзімі белгіленеді. Аталған қызметтерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, я болмаса, «электронды үкімет» порталы арқылы іске асыру жоспарланған. Осылайша, кәсіпкерлердің шығындарын барынша азайту қарастырылып отыр.

«Шыны керек, бизнесті бақылау саласына алғаш рет мұндай күрделі ревизия жасалып отыр. Мәселен, өрт пен санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында тексерістер өте көп. Себебі шағын бизнестің басым бөлігі сауда, қоғамдық тамақтану және тағы басқа қызмет көрсету бойынша жұмыс істеп келеді. Оларға оңай емес. Енді, осы саладағы тексерістер күрт төмендесе, жұмыс жеңілденеді. Монополистердің рұқсаттарын реттеу жағы да жақсы атқарылды. Жалпы, жаңа заң аясындағы өзгерістер отандық бизнестің дамуына оң әсерін тигізеді. Негізі осындай ревизияларды жыл сайын жасап отыру қажет», - дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Соңғы жаңалықтар