«Бизнеске жол» жобасы аясында 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды

Антикор
Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыру барысында 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғаған. 

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыруды жалғастыра береді. Бұл жоба шағын және орта бизнестің нақты мәселелерін шешуге бағытталған.

Жоба іске қосылған сәттен бастап 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 768 проблемалық кейс шешілді.

Ағымдағы жылдың басынан бері 7 мыңнан астам кәсіпкер 83 кейс бойынша жоба аясында көмек алды.

Мәселен, Түркістан облысында фермерлер үшін суармалы судың бағасын көтерген делдалдық фирмалардың қызметі тоқтатылды. Енді су жеткізуші («Қазсушар» ШЖҚ РМК) шаруашылықтармен тікелей шарттар жасасады, бұл бағаны 2 есеге (1 мың м3 үшін 766 теңгеден 421 теңгеге дейін) төмендетті.

Жетісу облысында әкімдік бөлінген қаражатты басқа мақсатқа жұмсағаны үшін, тиісті шарттар ұзартылмаған. Салдарынан 275 мектеп тамақтандырушысының құқығы бұзылған. Кәсіпкерлер 2 ай бойы балаларды өз есебінен тамақтандыруға мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша қаржыландыру қалпына келтіріліп, шарттар ұзартылды.

Жоба аясында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер үшін сот шешімі немесе қадағалау органының оларды заңсыз деп тану туралы актісі шығарылған жағдайда туындайтын әкімшілік жауапкершілік көзделген.

«2023 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 14 адамды жауапкершілікке тартты, оның 7-і заңсыз іс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарды атқарған», — делінген хабарламада.

Мысалы, елордада кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін мемлекеттік кірістер басқармаларының екі басшысы айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бизнесті қорғау жұмыстары жалғасады.

Соңғы жаңалықтар