Бизнестегі бюджеттік саясат өзгеретін болады - Мырзахметов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік реттеулер неғұрлым көп жерде бизнес саласын өркендету соғұрлым қиынға түседі. Бұл туралы сарапшылар бірлестігімен өткен ашық диалог барысында «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Айта кетсек, бүгін өткен сарапшылардың басқосуында ҚР Ұлттық эконономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын таныстырған болатын. Министрдің айтуынша, аталған құжатта 7 реформаға басымдық берілетін болады. Құжаттың үшінші реформасында «Бәсекеге қабілеттілік және бәсекеге қабілетті бизнес» саласына ерекше ден қойылған.
«Әлбетте, бизнеске қатысты ережелерді мемлекет белгілейді. Аталған стратегиялық құжатта жалпы ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта біз бұл үлестің экономикада 17 пайыз екенін ескерсек, стратегиялық жоспар бойынша бар-жоғы 7 жылдың ішінде ШОБ үлесін екі есе арттыру керек», - дейді Абылай Мырзахметов.
Оның айтуынша, бизнес саласында мемлекет өзінің үлесін азайтуды жоспарлап отыр.
«Демек, біз жыл сайын сараптама жасай отырып, бизнес саласындағы мемлекеттің құқығын азайтатын боламыз. Мемлекеттік құқық неғұрлым көп жерде бизнес саласын өркендету соғұрлым қиынға түседі. Уақыт өткен сайын, әлбетте, бюджеттік саясат өзгереді. Яғни, тиімсіз шаралар тәжірибеден алынып тасталып, бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бәлкім, бұл бәсекеге қабілеттілік шеңберінде кейбір кәсіпорындар өзінің өміршеңдігін дәлелдеп қалар», - дейді ол.
Сонымен бірге, Абылай Мырзахметов Қазақстанда жеке мектептердің үлесі төмен екенін, дамыған елдерде шамамен жалпы білім ордаларының 30 пайызы жекеменшік мектеп болып саналатындығын еске салды.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік осы стратегиялық құжаттың (ҚР 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары - авт.) басым бағыттарының бірі болғандықтан, кеңестік жүйе бойынша қалып қалған білім саласындағы кем-кетіктердің көзі жойылады. Бізде мектептер ешқандай креативсіз бір қалыпта салынатыны белгілі. Сондықтан мұның (жеке мектептердің ашылуы- авт.) білім жүйесіне берері мол деген ойдамын», - дейді Абылай Мырзахметов.