Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінетін кәсіпкерлер көбеюде

Қазақстанның көптеген ірі бизнес өкілдері бұл жауапкершіліктен қашқан емес. Айталық, әр қаладағы аулаларды абаттандыру, балабақшаларға құрал-жабдықтар алып беру, балаларға мектеп салып беру, тағы да басқа игі істердің маңында үнемі үлкен жүректі кәсіпкерлер жүреді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен қайырымды кәсіпкерлер бірлесе атқарып отырған «Даму-көмек» жобасы осыдан 6 жыл бұрын дүниеге келген болатын. Жобаның арқасында талай кемтар жандар сүйікті кәсібімен шұғылдануға мүмкіндік алды.
Петропавл қаласының тұрғыны Айсұлу Есманованың құлағы нашар естиді. Айсұлу мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан іс тігіп, көрпек көктеп, әсемдеп көйлек тіккенді жақсы көреді. Ол көбінде қоржын, қамзол, шапан сияқты ұлттық бұйымдар тіккенді ұнатады. Тапсырыс та мол. Дегенмен, қолында тігін машинасы болғанымен, тапсырыстарды орындауға қажетті мата, ине-жіпті алдыруға қаржылық жағдайы жетпеді. Бұл орайда оған жергілікті «Тұйғымбаева Н.Ж.» жеке кәсіпкерлігі көмекке келді. Енді Айсұлудың сантүрлі заттарды тігуге арналған фурнитурасы түгел.
«Өз ательемді ашуды армандаймын. Бүгінде мүгедектерді қолдауға арналған бағдарламалар жоқтың қасы. Осының өзіне қуанышым қойныма сияр емес» дейді Айсұлу Есманова.
Солтүстік Қазақстан облысында «Даму-көмек» жобасы басталғалы бері 40-тан астам мүгедек жандарға осындай көмек көрсетіліпті. Тағы 10 шақты мүмкіндігі шектеулі азаматтың өтініші мейірімді кәсіпкердің көмегін күтіп жатыр.
Арқалық қаласының тұрғыны Зина Нұрпазылованың да кәсіпкерлерге айтар алғысы шексіз. Жастайынан сылақшы, жүргізуші, кинолог сияқты кәсіптерді меңгеріп, адал еңбегінің жемісін көрген. Алайда, күндердің бір күнінде оқыс жағдайға ұшырап, мүгедектің күйін кешті. Десе де, ол қол қусырып қарап отырғанды ұнатпайтын. Сөйтіп, ол металдарды дәнекерлеуді меңгерді. Темір шарбақтарды, терезеге арналған темір тор, қақпаларды оп-оңай дәнекерлейді. Осылайша ол елге өз қызметін ұсынатын кәсіпкерге айналды.
Қолынан келгенше елге қызмет етіп жүргенде Зинаның алдынан көп ұзамай бір кедергі шықты. Ескі дәнекерлеу құралы бұзыла беретін болды. Жаңасының құны арзан емес. Сосын ол «Даму-көмек» жобасы аясында жаңа дәнекерлеу құрылғысын алуға өтініш берді. Кәсібін жаңа бастаған Зина көп күткен жоқ. Арқалықтық бизнес-вумен Ғалия Ерғалиева әріптесінің жағдайына қаныққан соң бірден жаңа құрылғыны алып берді. «Сіз нағыз батыр әйелсіз!» деп Зинаның ерік-жігеріне риза болған Ғалия Ерғалиева.
Тағдырдың қатал сынына мойымаған тағы бір жас кәсіпкер - Арай Сейітова. Қант диабеті науқасына байланысты ІІ топ мүгедегі атанған ол ештеңеге қарамастан ақауына қарамастан жастайынан сұлулық салондарында тырнақ күтушісі болып жұмыс істеді. Алайда, оған денсаулығы мүмкіндік бере бермейтін болды. «Даму-көмек» жобасының арқасында «Parasat Consulting»ЖШС басшылығы оған тырнақ күтіміне қажетті құрал-жабдықты сатып алып берді. Сонымен бірге, Арайдың денсаулығын ескере отырып, клиенттердің үйіне барып жұмыс істеуге қолайлы маркетингтік стратегия құрастырды. Яғни, «Parasat Consulting» Арайдың өз кәсібін бастауына жол ашты.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы мүгедектердің 626 мың адамды құрайды екен. Бұл - бүкіл халық санының 3,7 пайызы. Соның тек 90,3 мыңы еңбекпен қамтылған. Осы көрсеткішті күннен күнге үлғайтып, жұмыссыз мүгедектердің санын азайту, оларға қиын сәтте қол ұшын созу - бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең ұғынатын әрбір бизнес өкілінің қолынан келетін сауапты іс.
Жанат Қапалбаева