Бизнестiң «жаналғышы» кiм? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 27 маусым, жұма күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Бизнестiң «жаналғышы» кiм? - баспасөзге шолу

Ресей мен Қазақстан ғалымдары Жапониямен бірге АЭС-ті салуға 2018 жылы кіріспек. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетi хабарлауда.

"Осы жөнінде Курчатов қаласында баспасөз мәслихаты өтіп, оған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев, Жапонияның Қазақ¬стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Масаеси Камохара, Токио технологиялық институтының құрметті профессоры, атом энергетикасы бойынша Жапония комиссиясының төрағасы Йоши Фуджиё қатысты. Біздің вице-министрдің айтуынша, алғашқы кезеңде Курчатов қаласы мен Балқаш көлі маңында зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл 2 жылдай уақытқа созылады", - делiнген "Атом қуаты - адам игілігі" атты материалда.

Мұнда АЭС-тің 1 кВт электр энергиясына 4 мың АҚШ доллары жұмсалмақ. Яғни, АЭС құрылысы өте қымбат болғанмен, оның халыққа берер игілігі, тиімділігі бұл қымбатшылықты жүз есе ақтайды. Әрі салынған АЭС 80-100 жыл сапалы қызмет ете алады. Халық Фукусимадағы секілді апат болады деп қауіптенбегені жөн.

"Айқын" газетi өзiнiң бүгiнгi санында жарияланған "Бизнестiң "жаналғышы" кiм?" мақаласында мемлекеттiң кәсiпкерлiкке көрсетiп отырған қыруар қолдауына қарамастан, оның адымын аштырмай отырған түйткiлдi мәселелердi қозғайды. Сонымен қатар соңғы бiр-екi күнде жиi айтылып жүрген кәсiпкерлердi салықтық айыппұлдардан уақытша босату жөнiндегi ұсынысқа да тоқталып отыр. "Қазақстан әлемдегі ең бір кешірімшіл мемлекетке айналып келеді. Жақында елдегі қылмыстық заңнама ізгілендіріліп, көптеген қылмыскерлердің жазасы жеңілдеді, кейбірі тіпті жауапкершіліктен босатылды. Сондай-ақ елімізде мүлікті заңдастыру науқаны жариялануда, ел Парламенті тиісті заңды ендігі мақұлдады. Бұған қоса, Үкімет «Салықтық амнистия жүргізу» жөніндегі бастамасын мәлім етті. Оған сәйкес, бизнестің айыппұлдары кешіріледі. Ал кеше осылардан басқа, тағы бірнеше рақымшылық түрін талқылау басталды", - деп жазады автор.

Республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есебі жылда жазылып қойған сценарий бойынша өтетін тәрізді, деп жазады "Айқын" "Бюджет қаржысы неге игерiлмейдi?" атты тағы бiр мақаласында. Басылымның хабарлауынша, игерілмей қалған қаржы жыл сайын миллиардтап саналады. "Биыл да ол сома аз емес. 43 млрд теңге. Депутаттардың да айтатыны жылдағы әңгіме. Бюджеттің орындалуына бақылау жеткіліксіз. Мемлекеттік қаржыны басқару жүйесі сапасыз. Маусым айының бас кезінде Парламентте берген ақшаны жарата алмаған министрліктердің аттары аталып, түстері түстелді. Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінде - 4,4 млрд теңге, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікте - 3,2 млрд. теңге игерілмеген. Қаржы министрлігінің өзі 20,3 млрд теңгені, Президенттің Күзет қызметі - 2,7 млрд теңгені, Бас прокуратура - 427,2 млн теңгені, Орталық сайлау комиссиясы - 8,9 млн теңгені қозғамаған", - делiнген материалда.

Қазақстандық кәсiпкер Олег Беляев Техас технологиясы бойынша дәстүрлi асфальттық жолдармен құны пара-пар, бiрақ бiрнеше ондаған жылдарға шыдамды келетiн ерекше бетондардан жол салуды жоспарлауда, деп хабарлайды "Экспресс К" басылымы. "Бiрiншi кезеңде ол 2,5 млн. доллар көлемiнде қаражат құяды, ал америкалықтар оған технология мен мамандарды ұсынады. Екiншi кезеңде егер барлығы ойдағыдай жүзеге асса, техастықтар қазақстандық жобаға 12 млн. доллар салуға даяр. Олар өз Техастарында жылына 700-ге тарта жол салады. Олег Беляев өз серiктестерiмен USAID ұйымдастырған "Iскерлiк байланыстар жобасы аясында танысқандығын атап өткен жөн. Бұл жоба өз кезегiнде "Бизнестiң жол картасы - 2020" қазақстандық бағдарламасымен тығыз байланыстырылған", - деп жазады басылым "К казахской мечте по техасским дорогам" атты мақалада.