«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына қатысушылар 204 млрд теңге салық төледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына қатысушылар 204 млрд теңге  салық төледі. 

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына қатысушылар 204 млрд теңге  салық төледі

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылға «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен  49,1 млрд теңге көзделген. Оның 30 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттер арқылы бөлінді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Бірыңғай бағдарламаның қатысушылар 204 млрд теңге сомаға салық төледі. Барлық шығарылған өнім 3,3 трлн теңгені құрады, 47,5 мың жұмыс орны сақталды және құрылды»,-  деді ол.

Министрдің дерегінше, бүгінгі күні сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау есебінен 1 024 кәсіпкер жобаларын қаржыландыру жағдайын жақсарта алды. Арзандатылған кредиттер сомасы 90,1 млрд теңгені құрайды. Берілген субсидиялардың жалпы көлемі 17,5 млрд теңгеге жетіп отыр. 505 кәсіпкер 17,1 млрд теңге сомаға кредиттер бойынша кепілдіктерге қол жеткізе алды. Кепілдіктердің жалпы көлемі 6,8 млрд теңгені құрайды. Жетіспейтін инфрақұрылым тартуға 15 млрд теңге сомаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 24 жобасы қаржыландырылды.

«Жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 221,4 млн теңге сомаға 114 мемлекеттік грант берілді. Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту аясында бүгінгі күні 14 мыңнан астам жаңа және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер кәсіпкерлік негіздері бойынша бизнес-тағылымдама мен оқытудан өтті», - деді Сүлейменов.