Бизнестің жол картасы-2025: Семейде кәсіпкерлердің 600-ге жуық жобасына қолдау көрсетілді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің 597 жобасына қолдау көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бизнестің жол картасы-2025: Семейде кәсіпкерлердің 600-ге жуық жобасына қолдау көрсетілді

Бұл жайлы ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында шаһар әкімі Бақытжан Байахметов айтып берді.

«Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде 10,6 млрд теңгені құрайтын 597 жобаға қолдау көрсетілген. 7,8 млрд теңге сомасында 428 жоба субсидияланды. Сондай-ақ 169 жоба кепілдендіріліп, 7 жобаға 21,5 млн теңге мөлшерінде грант берілді. Мемлекеттік бюджет есебінен кәсіпкерлік нысандарына жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша 5 жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде Май зауытына электр желісін тарту бойынша ұзындығы 32 шақырымды құрайтын ВЛ-110 құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы сомасы – 1,4 млрд теңге», - деді ол.

Сонымен қатар «Еңбек» жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қаржы жұмылдырылуда.

Нақты айтқанда, 163 адамға - 95,1 млн теңгеге мемлекеттік грант, 78 адамға - 684 млн теңге мөлшерінде шағын несие берілген.