БҚО: 1971 жылы салынған мектепке 170 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өтті (ФОТО)
1971 жылы салынған мектеп ғимараты әбден тозып тұрған еді, спорт залы да 2011 жылы апатты жағдайда деп танылды. Мектепті жөндеуге 170 млн. теңге бөлініп, ғимараттың іші-сырты бірдей жаңартылды, шатыры, едені, есік-терезелері, жылу желілері түгел ауыстырылды. Ал спорт залын жаңадан салуға қала бюджетінен 51 млн. теңге қарастырылды. Мердігер компания «Алатау Алдан Агро» ЖШС тамыз айында құрылысты бастап, қысқа мерзімде толықтай аяқтады. Енді мұнда ауыл балаларының спортпен алаңсыз айналысуына, дене шынықтыру пәнін тиісті талаптарға сай өткізуге барлық мүмкіндік бар. Аталған білім ордасында барлығы 677 шәкірт оқиды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті болатынын, спорттың бұқаралық сипатын дамытып, оны халық денсаулығының кілтіне айналдыру керектігін атап көрсеткені мәлім. Айта кетейік, осы тапсырманы орындау бағытында Орал қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2014 жылы облыс орталығында жасанды жабыны бар, көп бейінді үш бірдей спорт алаңы іске қосылып, мұндай нысандардың саны қала бойынша 44-ке жетті. Спорт мектептері мен нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, спорттық құрал-жабдықтар алуға былтыр 74 млн. теңге бөлінді. Жыл аяғында Деркөл шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Өткен жылы Зашаған кентінде жалпы құны 427 млн. теңге болатын тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Круглоозерный орта мектебінде спорт залының ашылуы - осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі.