БҚО әкімдігі қысты апатсыз өткізу жөнінде тиісті тапсырмалар берді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қыс қалыпты өтіп келе жатқанымен, болуы ықтимал апаттың алдын алудың маңызы зор. Бұл туралы БҚО әкімдігінде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың атап өткеніндей, қыс орталанып қалғанымен, табиғат кез келген уақытта «мінез» көрсетуі әбден мүмкін. Сондықтан бәріне толық дайын болуы керек. Сонымен қатар қаңтар мен ақпан айында Елбасы Жарлығына сәйкес әкімдердің тұрғындармен есептік кездесулері өтетіні белгілі. Өткен жыл қорытындыларын елеп-екшеп, алда тұрған мақсат-міндеттерді жергілікті халықпен бірге пысықтап алғанның да мәні ерекше.
Жиында БҚО ТЖ департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжановтың мәлім еткеніндей, қысқы маусым басталғаннан бері өңірде апатты оқиға тіркелген жоқ. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасына сәйкес нақты іс-шаралар жоспарға сәйкес атқарылып, облыстағы жағдайға күнбе-күн мониторинг жасалады. Жедел топтар мен құтқарушылар оқыс оқиға бола қалған жағдайда атқа мінуге дайын.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевтің айтуынша, облыста 465 қазандық болса, соның 19-ы облыс орталығында. Тұрғындарды жылу, газ, су, электр жарығымен қамту, кәріз жүйесінің қалыпты жұмыс жасауы үнемі бақылауда. Қыс кезінде қиындықтар болмай тұрмайды. Мысалы, Орал қаласының саяжай аумағындағы 40 тұрғын үйге мердігер мекеменің оралымсыздығынан газ құбыры тартылмай қалған. Қазір бұл жұмыс назарға алынды.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қазбек Меңеев облыстық маңызы бар 1237 шақырым жолда 12 жылыту орны орналасқандығын, 200 тонна тұзды-құмды қоспа алынып қойылғандығын жеткізді. Дегенмен өңірде күре жолдардан қашық орналасқан елді мекендердің бар екендігі белгілі. Сондықтан қыс кезінде қардың уақтылы аршылмауынан кейбір ауылдарға қатынастың қиындап кететіні жасырын емес.
Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары сала мен аудандар басшыларына шалғай елді мекендерді үнемі назарда ұстап, тұрғындарды азық-түлік және басқа күнделікті тауарлармен қамтуда іркілістің болмауын тапсырды.