БҚО әкімі капитан А.Кереевтің отбасына көңіл айтты

ОРАЛ. 7 маусым. ҚазАқпарат - 7 маусым күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Тасқала ауданының Мерей ауылына барып, «Арқанкерген» шекара заставасында қаза болған батысқазақстандық шекарашы офицер Алтынбек Кереевтің ата-анасына және тума-туыстарына көңіл айтты.

БҚО әкімі капитан А.Кереевтің отбасына көңіл айтты

Облыс әкімі атап өткеніндей, қаралы хабарды естігеннен кейін бүкіл Қазақстан халқымен бірге батысқазақстандықтар да қайғырды. Қыршынынан қиылған жас жігіттердің қазасы Отан алдындағы борыштарын өтеп жүргенде орын алды. «Әрине, қаза қиын, осы жерде өсіп-өніп, білім алып, талпынып, әскери қызметке барып, 28 жасында ортамыздан кетті. Тірі адам тірлігін жасайды, бекем болыңыздар. Қайғылы хабар құлақтарына тиісімен бізге жан-жақтан біраз азаматтар хабарласып, сіздерге өз аттарынан көңіл айтуды сұрады. ҚР Парламенті Мәжілісінің Нұрлан Нығматуллин, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Сергей Дьяченко бастаған басшылығы солардың қатарында. Парламент депутаттары бір күндік жалақыларын арнайы қорға аударып, содан түскен 200 мың теңгені сіздерге беруімізді сұрады. Одан бөлек облыс әкімдігі тарапынан 1 миллион теңге қаржылай көмегімізді қабыл алыңыздар. Көмек осымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта да қолдап, жәрдем көрсетіп отыратын боламыз», - деді әкім.

Қаза болған шекарашы офицердің ата-анасына көңіл айта келген «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров те облыстағы партия мүшелері атынан 200 мың теңге қаржылай көмек ұсынды.