БҚО әкімі көктемгі су тасқынының алдын алуды тапсырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қысқы, сондай-ақ алдағы көктемгі мезгілде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу қажет. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалық етуімен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО әкімі көктемгі су тасқынының алдын алуды тапсырды

null
Жиында БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің мәлім еткеніндей, өткен жылы өңірде 66 төтенше оқиға тіркеліп, 39 адам қаза тауып, 87-сі зардап шекті. Материалдық шығын көлемі 23,128 млн. теңгені құрады. Төтенше жағдайлардың басым көпшілігі Орал қаласы, Зеленов, Бөрлі, Теректі аудандарының үлесіне тиеді. Облыста сондай-ақ 635 өрт тіркеліп, соның салдарынан 9 адам қаза тауып, 23-і жарақат алды. 

Биыл жыл басынан бері 5 ТЖ тіркеліп, 3 адам зардап шексе, соның біреуі көз жұмды.
null  

Өңірдегі көктемгі су тасқынының ерекшеліктерін ескере отырып, оған жан-жақты дайындалмаса болмайды. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті.

«Облыста биыл қар мол түскені мәлім. Боран кезінде ТЖ департаментінің күшімен 25 техника, 127 адам (оның бесеуі - балалар) қар құрсауынан шығарылды. Осы орайда «Қазақавтожол» РМК Батыс Қазақстан филиалының атына арыз-шағым көп айтылуда. Республикалық маңызы бар жолдар уақтылы аршылмайды, аталған мекеме шақыртуға келмейді, жолдан тайып кеткен автокөліктерді шығаруға жәрдемдеспейді», деді Ж.Жұмашев.
null  

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, биыл өңірде өткен қыстағыдан қар 70 пайызға көп түскен. Жайық өзеніндегі мұздың қалыңдығы 40 сантиметрге жеткен. Бұл облыста су тасқыны қаупінің күшті екендігін көрсетеді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов тиісті мекемелер басшыларына, сондай-ақ Орал қаласы, Зеленов, Тасқала, Қазталов және басқа аудандар әкімдеріне көктемгі су тасқынына  байланысты жағдайды күнбе-күн бақылап, мониторинг жасап, барлық қажетті шараларды алуды тапсырды.