БҚО әкімі өңірде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов көршілес Ақтөбе облысының орталығында болған лаңкестік әрекеттерге байланысты өңірде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
БҚО әкімдігінде өткен жиында құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан әкімдері және басқарма басшылары өңірдегі қауіпсіздік шаралары жайлы мәлімдеді. Соның ішінде облыстық дін істері басқармасының басшысы мен облыстың бас имамы Рамазан айы кезінде түсіндіру жұмыстарының күшейтілгенін жеткізді.
Алдағы уақытқа жоспарланған көпшіліктің қатысымен өтетін іс-шаралар кезінде облыс тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиісті басқармаларға, құқық қорғау органдарына және жергілікті полиция қызметінің басшылығына жүктелді.
Ақтөбе қаласындағы 6655-әскери бөліміне лаңкестер жасаған қылмыстық әрекет кезінде ерлікпен қаза тапқан Берік Қалиевтің жерлеу рәсіміне қатысты облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин баяндады.
Облыста жағдай тұрақты, құқық қорғау органдары күшейтілген тәртіппен жұмыс жасауға көшкен.
Сонымен қатар БҚО әкімі Ақтөбе қаласындағы атыс кезінде ерлікпен қаза тапқан Берік Қалиевтің тума-туыстарына көңіл айтты. Марқұмның отбасына облыс әкімдігі тарапынан қажетті жәрдем жасалуда. Алдағы уақытта оның есімін ел есінде қалдыру бағытында шаралар қолға алынатын болады. Марқұмның соңында әйелі мен төрт баласы қалды.