БҚО әкімі «Рухани жаңғыруға» байланысты оқушылармен ой бөлісті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жаңа оқу жылының басталуына орай бірнеше мектепте болып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызы жөнінде оқушылармен ой бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Алдымен Назарбаев зияткерлік мектебінде болған өңір басшысы: «Бүгінгідей бейбіт заманда жастарға қойылатын талап - білім алу. Егер әр оқушы мектеп қабырғасында, кейін жоғары оқу орнында сапалы білім алатын болса, ертеңгі күні елімізді жаңа биіктерге жетелері анық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында  жастарға ерекше көңіл бөлу керек екендігі айтылған. Өйткені кез-келген ұлттың болашағы - жан-жақты жетілген, білім алған, азат ойлы, саналы ұрпақ. Сондықтан бар ынта-жігерлеріңізді оқуға арнаңыздар», - деді.
null 

Облыс әкімі білім ордасының жылдағы дәстүріне сай Назарбаев мектебінің  7-сынып оқушыларымен мектеп ауласына алма ағашын отырғызды.

Кейін А.Көлгінов №7 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларымен жүздесті. Облыстағы ең байырғы мектептердің бірі саналатын оқу ордасының ұжымымен әңгімелесіп, ғимарат ішін аралап, мектептің материалдық-техникалық базасын көрді. Облыс әкімі арнайы  бас сұққан тағы бір білім ошағы - дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат кешені. Мұнда білім әлеміне жаңа қадам басқан алғашқы сынып оқушыларымен әсерлі әңгіме өрбіп, облыс әкімі оларға Елбасының кітаптарын табыс етті. 90 жылдан астам тарихы бар білім ошағынан осы жылдар ішінде мыңдаған білімді шәкірт түлеп ұшты. Солардың ізін жалғаған бүгінгі буын да өз жетістіктерімен мектеп мерейін асырып жүр. Арнайы кездесуге келген облыс әкімін Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы туралы сыр шертетін арнайы деректі фильмді көруге шақырған жоғары сынып оқушылары кейін сұрақтарын да қойды. Елімізде қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы да өз сауалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Сұрақ қоюшы оқушылардың арасында өз ойларын ағылшын тілінде жеткізгендер болды. Сондай-ақ жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында мектеп бағдарламасына арнайы пән енгізу туралы да ұсыныстарын айтты.
null 

Айта кету керек, биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 12 білім беру нысанына 1 241,0 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілсе, 10 білім беру нысаны бой көтеруде. Олардың төртеуі аудандарда. Сондай-ақ келер жылы күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың тізімін жасау бойынша жұмыстар атқарылуда.  Осы орайда №21 жалпы орта білім беретін мектепке арнайы барған облыс әкімі оқу ордасын аралап көріп, алдағы жылы оны күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың қатарына қосу туралы тапсырма берді.
null 

Соңғы жаңалықтар