БҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен Бағдад Оразалдыұлы Азбаев БҚО әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Оны облыс активіне таныстырған өңір басшысының айтуынша, Б.О.Азбаев энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне басшылық ететін болады. Бұған дейін осы қызметті атқарған Алмаз Бадашев өз өтінішіне сәйкес жұмысынан босатылды.
Бағдат Азбаев 1974 жылы дүниеге келген, білімі жоғары. Ол Қазақ аграрлық университетін инженер, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін экономика мамандығы бойынша бітірген.
ЖОО-ны бітіргеннен кейін өзінің еңбек жолын «Автотехобслуживание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механик болып бастады. 2001-2013 жылдары Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындарында әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды, «Астана орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары ретінде қаржы, экономика және абаттандыру жұмысына жетекшілік жасады, кейін осы мекеменің директоры болды.
2013-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы болып істеді. Б.Азбаевтың орталық мемлекеттік органдарда, Астананың коммуналдық қызметтерінде, экономика, қаржы және абаттандыру салаларында іс-тәжірибесі бар.