БҚО әкімі өңірдегі белсенді жастардың ата-аналарын отбасы күнімен құттықтады

ОРАЛ. KAZINFORM — 15 мамыр - халықаралық отбасы күніне орай облыс әкімі Нариман Төреғалиев халықаралық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиада және спорттық жарыс жеңімпаздарымен және олардың ата-аналарымен кездесті. 

әкім құттықтады
Фото: БҚО әкімдігі

Өңір басшысы білімді, өнерлі, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, қоғамға өз үлесін қосып отырған отбасыларға алғысын білдіріп, жиналғандарды отбасы күнімен құттықтады. 

«Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайту қоғам дамуының негізі екенін атап өткен болатын. Өңірлерде отбасы институтын қолдау бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін дарынды, білімді, рухы биік ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасылардың бірқатарымен кездесіп отырмыз. Баршаңызды отбасы күнімен құттықтаймын. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз үміттеріңізді ақтап, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне адал қызмет атқаратынына, Ақжайықтың абыройын асқақтатынына сенімдімін», - деді Нариман Төреғалиев.

құттықтады
Фото: БҚО әкімдігі

Іс-шара барысында отбасы мүшелері де өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, ата-аналар облыс әкімдігіне, балаларын жетістікке жетелеген ұстаздарына, қолдау білдірген жандарға алғыстарын жеткізді. 

әкім
Фото: БҚО әкімдігі
Отбасы күнімен құттықтады
Фото: БҚО әкімдігі

Жалпы, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша 13 586 көпбалалы ана бар, оның арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» иегерлері — 6 558 адам. Облыста 5 «Отбасы орталықтары» жұмыс істейді. Биыл тағы 3 ауданда ашу жоспарланып отыр.