БҚО: «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 7,9 млрд теңге несие берілмек
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 7,919 млн теңге несие бөлу қарастырылып отыр.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аян Халауединнің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, осы қаражат есебінен 922 шағын несие беріп, 2 244 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, несие кооперативтер мен шағын бизнесті дамыту, өсімдік, құс, сүтті мал шаруашылығы, ауылдар мен шағын қалаларда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және қайта өңдеу, халыққа қызмет көрсетілетін ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін, балық және бал-ара шаруашылығын өрістету, етті бағыттағы ірі қара мен ұсақ малды бордақылау бағытында берілмек.
«Мемлекет басшысы жеке қосалқы шаруашылықты кооперативтерге біріктіру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру қажет деп тапсырған болатын. Бұл – «Ауыл аманаты» бағдарламасының бірден-бір мақсаты. Күні бүгін облыс көлемінде 394 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелсе, соның 270-і нақты жұмыс істеп тұр. Биыл осы ауыл шаруашылығы кооперативтерін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шағын несиелеу арқылы қажетті техника, құрылғылармен қамтып, олар сол ауылдық округтің мамандануы бағытында қызметтер атқаратын болады», - дейді А.Халауедин.
Оның айтуынша, шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттілер саны артып келеді. Ауыл тұрғындары арасында бағдарлама аясында кәсіп ашу бойынша ниеттілер 2,3 млрд теңгені құрайтын 187 өтініш беріп отыр. Өтініштердің басым бөлігі сервистік қызмет көрсетуге (техникалық қызмет көрсету станциясы, шаштараз, қоғамдық тамақтану орындары, құрылыс материалдарын өндіру) қатысты.
2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы шағын несиелеу сол аудан немесе ауылдық округке әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тауарларының тізбесіне орай қажеттікке қарай бағытталатын болады. Мысалы, әр ауыл өз-өзін әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен қамтуы тиісті деген қағидатты ұстануы және осы бағдарлама арқылы барынша жұмыстануы қажет. Бұл жерде ауыл шаруашылығы кооперациясы маңызды рөл атқарады, яғни, ауылдар, аудандар географиялық орналасуына қарай ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде барынша бірігіп жұмыс тындыруы керек.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын тиісті деңгейде ұйымдастыру мақсатында облыстық, 12 аудандық және 147 ауылдық округте жобалық кеңселер және жұмыс топтары құрылды. 2024 жылы бағдарламаны нәтижелі іске асыру мақсатында өңірдің барлық 147 ауылдық округінің 413 ауылдық елді мекеніне скрининг жүргізілді. Несие алуға білдірілген өтініштер өңірдің барлық елді мекендерін қамтып отыр», - деді А.Халауедин.
Айта кетейік, өткен жылы 6,4 млрд теңге несие қаражатына 1 065 өтінім мақұлданып, 6,3 млрд теңге көлемінде 966 шағын несие берілді. Соның ішінде 49 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (несие көлемі – 987,6 млн.теңге, мүшелер саны – 469 адам) қаржыландырылды.