БҚО ауылдарында жаңадан төрт мәдениет үйі салынып жатыр

Строительство Строительный кран Многоэтажные дома Құрылыс Құрылыс краны Көп қабатты үйлер
Фото: Александр Павский/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы ауылдарында жаңадан төрт мәдениет үйі салынып жатыр.

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің мәлім еткеніндей, Жаңақала ауданының Қырқопа, Сырымның Тоғанас, Бәйтеректің Щапов және Казталовтың Қайыңды ауылдарында мәдениет ошақтары бой көтеруде.

Бақытжан Хаберұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы Бөкей ордасының Бисен, Тасқаланың Мерей ауылдарында мәдениет үйлері ашылған болатын. Оған қоса Сырымның Алғабас, Ақжайықтың Мерген және Бөкей ордасының Хан ордасы ауылының мәдениет үйлері де жаңарып қалды.

«Жобасына өзгеріс енгізілген соң Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Александр Островский атындағы орыс драма театрын күрделі жөндеу үшін жоба жасақталып, қаражат бөлінді. Жөндеу зауыты ауданындағы облыстық халық шығармашылығы орталығы да ретке келтіріледі. Биыл аталмыш орталық 80 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұдан бөлек, Бөрлі ауданында Жарсуат, Кеңтүбек және Бумакөл ауылдық мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіледі. «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициялары есебінен Оралдағы Жастар мәдениет сарайы мен Деркөл кентіндегі мәдениет үйі күрделі жөнделеді. Бұл жұмыстар жазда басталып, күзде аяқталады», деді Б.Нарымбетов.

Әкім орынбасарының айтуынша, өңірдегі кітапханалар да ерекше назарда. Биыл Сырым ауданында кітапхана ғимаратының құрылысы басталады. Қазіргі кезде мердігер ұйым анықталды.

«Қазақстан халқына» қорымен бірлесе отырып, елімізде алғаш рет «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасын жүзеге асырмақшымыз. Оның аясында 25 ауылдық кітапхананы қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіземіз. Биылғы жылы Ақжайық және Жаңақала аудандық кітапханалары қайта жаңғырып, өз жұмысын бастайтын болады», дейді Б.Нарымбетов.

Облыстағы тарихи Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы музей-қорығында өткен жылы визит орталығы мен әкімшілік ғимарат жаңадан салынса, биыл хан сарайы мен қазынашылық үйіне реставрациялау жұмыстары жүргізіледі.

«Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Оралдағы жаңғыртылатын Жастар мәдениет үйінде «Самұрық Қазына Траст» қорымен креатив хаб алаңын ашуды жоспарлаудамыз. Өткен жылы Сырым ауданында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне берілген ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, биыл экспозициялардың жаңадан жасақталуы өңірдегі ерекше оқиға болды», деді Б.Нарымбетов.

Соңғы жаңалықтар
telegram