БҚО ауруханаларында 500-ден астам науқас коронавирустан ем алып жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 1063 төсектік 19 инфекциялық стационарда 506 науқас емделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, соның ішінде Орал қаласында 615 төсектік 7 ауруханада 404 адам ем қабылдауда.

Оның сөзіне қарағанда, өңірде стационарлар саны 20-дан 19-ға қысқарды. Қаратөбе ауданында 20 орындық стационар жабылды.

Облыста 96 төсектік жансақтау бөлімшелерінде 43 адам жатыр.

Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру деңгейі 5,2 пайызға (39 адамға) төмендеді.

Індет басталғаннан бері тіркелген 35 706 науқастың 27 723-і жазылып шықты. Қайтыс болғандар саны 700-ге жетті. Соның ішінде 26-сы соңғы аптаның үлесіне тиеді.

«Биыл жыл басынан бері 26 485 адам коронавирус жұқтырды. Індетпен ауырған 2227 баланың 2143-і емделіп шықты. 84-і ем қабылдауда», деді А.Сақпосынова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған 70-ке жуық баланың ем алып жатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда жалған вакцина құжатын пайдаланған адам ұсталды.


Соңғы жаңалықтар