БҚО: Барлық сайлау учаскесіне байқаушы бекітіледі (ФОТО)

Оның айтуынша, соның ішінде Орал қаласында 117 сайлау учаскесі бар. Бұрынғы байқаушылардың негізгі құрамы сақталады. Негізінен жоғары оқу орындары оқытушылары мен мектеп мұғалімдері осы қоғамдық жұмысты атқарады. Өткен жылғы сайлауда олар белсенділік көрсетіп, белгілі бір заңбұзушылық болса, сол бойда хабарлап, облыстық сайлау комиссиясы арқылы тиісті шаралар алынып отырылды.
Қазіргі таңда осы салада тәжірибесі бар қоғам белсенділерінен, үкіметтік емес ұйымдар және басқа сала өкілдерінен құрылған облыстық комиссия өз жұмыстарын бастап, штаб құрылды. Комиссия сайлау барысына сараптама жүргізіп, оның ашықтығы мен жариялылығын, заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуді көздейді. Додаға түсетін әр үміткердің құқығы бұзылмай, олардың бәріне тең жағдай жасалуы қадағаланады. Сайлаушылардың да сайлау күні учаскеге келіп, өз таңдауын жасап, сайлаудың заңға сәйкес өткізілуіне ерекше мән беріледі.
Байқаушыларды оқыту бағытында семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Байқаушыға қойылатын басты талап - ол сайлау туралы заңнаманы мүлтіксіз білуі тиіс. Оқудың қорытындысы бойынша тестілеу өткізіліп, әр байқаушыға арнайы әдістемелік құралдар мен байқаушы блокноты беріледі.
«Ең бастысы, қандайма болсын заңбұзушылықтың алдын алып, болдырмауға баса назар аударылады. Осы бағытта сайлау комиссиялары мүшелерімен, саяси партиялардың сайлауалды штабтарының өкілдерімен кездесеміз. Мұндай жұмыстар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жүргізіледі. Өткен жылдардағы сайлау науқандарының тәжірибесін ескере отырып, барлық даулы мәселелерді нақты шешуге атсалысатын боламыз», - деді В.Шохина.