БҚО: Березов ауылының балалары «Ақжайықта» демалады
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыровтың хабарлағанындай, бүгін таңертең Теректі ауданындағы аталмыш шипажайға 7-8 сыныпта оқитын алғашқы 20 бала келді. Сондай-ақ олармен бірге пән мұғалімдері де орналасатын болады. Бұл балалардың сабақтан қол үзбеуі үшін жасалып отыр. 12 желтоқсанда шипажай тағы 70-80 адамды қабылдамақ. Сонда Березов орта мектебінің барлық 170 оқушысы тынығып шығатын болады.
Еске сала кетейік, 28 қараша күні Бөрлі аудандық ауруханасына Березовтан 25 бала, төрт ересек адам түскен болатын.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлмира Сақуованың айтуынша, 28 қарашадан бері медициналық көмекке 91 адам жүгінген. Қазіргі кезде бес бала емделуде болса, соның үшеуі облыстық көпбейінді балалар ауруханасында. Бәрінің де жағдайы тұрақты, беті бері қарады. Оқиға орнында құрамында психолог пен педиатр бар арнайы топ жұмыс жасауда.
Медициналық көмек алғандардың ағзасына зиянды химиялық заттардың енген-енбегендігін анықтау мақсатында сынамалар алынып, бұлар Астана қаласында сот химия-токсикологиялық және сот-медициналық сараптамадан өткізілетін болады. Сот-экологиялық сараптама жүргізу үшін де қажетті сынамалар алынды.
БҚО әкімі баспасөз қызметінің атап өткеніндей, Березов тұрғындары мұның Қарашығанақ кеніші әсері екеніне сенімді болғанымен, комиссия жұмысын аяқтаған жоқ. Сондықтан түпкілікті қорытынды кейін хабарланатын болады.