БҚО: Бөкей ордасындағы Хан зиратының құлпытастары толықтай зерттелмек (ФОТО)
Оның айтуынша, құлпытастарды зерттеу Қазақстан ғылымындағы жаңа бағыт болып табылады. «2014 жылы «Қазақстанның киелі орындарының тарихы» жобасы бойынша Батыс Қазақстан облысына келген сапарымызда Жантас Сафуллин, Қазыбек Құттымұратұлы сияқты жергілікті азаматтардың құлпытастарды зерттеу ісімен айналысып жүргеніне куә болдық. Тарихи маңызы зор бұл іске біздер, ғалымдар да қызығушылық таныттық. Ортақ мақсат біріктірген бұл зерттеу жұмыстары Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының 2015-2017 жылдарға арналған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері - рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты ғылыми жобасы ретінде өмірге жолдама алды. Өткен жылы тарих ғылымдарының докторы, біздің институттың профессоры Әшірбек Мүмінов бастаған ғалымдар тобы Батыс Қазақстандағы Мәулімберді, Жантөре хан қорымдарын зерттеп қайтқан еді. Аталған екі қорымның жазбалары бүгінде қорытындыланып, үш тілге аударылып қойылды. Енді жобаның биылғы кезеңіне жоспарланған жұмыстардың реті бойынша Бөкей ордасына барып, Хан зиратындағы құлпытастар жазбаларының материалдарын жинақтамақпыз. Мұндағы мақсат Хан зиратының толық зерттелмеген 150-ге тарта құлпытасын оқып, суретке, картаға түсіріп, өлшемін жасап, мәтінін аударып, қағазға түсіріп, ғылыми айналымға қосу болып отыр. Содан кейін аталған жоба аясындағы үш жылғы зерттеу жұмыстарын қорытындылап, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үлкен кітап етіп жарияламақпыз», деді А.Нұрманова.
Бұл жоба Батыс Қазақстан облысында басталғанмен, тек еліміздің ғана емес, шетелдік ғалымдардың да үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Өйткені әртүрлі халықаралық деңгейдегі конференцияларға барған кезде, сондай-ақ шетелдерге іссапармен шыққанда, аталмыш жоба таныстырылып, құлпытастардың суреттері көрсетіліп, жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары туралы айтылады. Бір ғана тастың бетінен біраз мәлімет алуға болатындығы шетелдік ғалымдарды таңғалдыруда. Өйткені құлпытастың бетінде адамның тек жеке басына қатысты мәліметтер ғана емес, мемлекеттік саясат та көрініс тапқан, діни, руани идеология да қашалған. Мұнан басқа қайтыс болған адамның қоғамдағы алатын орнына, мәртебесіне қарай, діни білімінің деңгейін көрсететін аят-сүрелер қашалып жазылған, жоқтау сарынды өлеңдер табылып отыр. Астанада өткен үлкен бір конференцияда Батыс Қазақстандағы құлпытастардың беттеріндегі жазбалардың ақпараттық байлығы туралы мақалалар тарихшылар тарапынан зор қызығушылыққа ие болды. Жуырда профессор Әшірбек Мүмінов Жапонияға барып келді. Жапондық қазақтанушы ғалымдар Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты қызметкерлерінің осынау зерттеу жұмыстарын көлемді кітап етіп басып шығаруға әріптестік ниет танытып отыр. Бұл бағытта қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде. Жапондықтар да Бөкей ордасы саясатымен айналысып жүр екен. Құлпытастардағы құнды деректер олардың зерттеулеріне көп көмек береді.
«Өзгелерді айтпағанда, жоба аясында жұмыстану өзіміз үшін де өте қызықты. Өйткені әр тасты оқыған сайын бұған дейін ешкім білмеген жаңалықты ашып, тарих қойнауына ене түсеміз. Сондықтан осы жұмысқа білегімізді сыбанып, жан-тәнімізбен, бар ынта-жігерімізбен кірісіп жатырмыз», деді Айтжан Шаймерденқызы.
Кездесуде сондай-ақ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының шығыстанушысы Дина Медерова, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, осы медиахолдингтің баспасөз тарихын зерттеу орталығының маманы, журналист Қазыбек Құттымұратұлы өз ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, алматылық ғалымдарға Хан зиратын зерттеуге араб қарпіндегі жазуды оқи білетін жергілікті азаматтар мен өлкетанушылар да қолұшын бермекші. Осы жобаға орай Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының профессоры Әшірбек Мүмінов 20 шілдеде Орал қаласында арнайы семинар өткізбекші.