БҚО бойынша Дезинфекция орталығының басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы бойынша Дезинфекция орталығы басшылығына қаржы жымқырды деген айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» Шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК-ға қарасты «Батыс Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығының» лауазымды қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Олар алдын ала сөз байласып, 2018 жылдың қараша және желтоқсан айларында жалпы сомасы 2 млн 120 мың теңгенің тауарлы-материалдық құндылықтарын (дезинфекциялық құралдар) заңсыз есептен шығару жолымен сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған.
«Сонымен қатар лауазымды қызметкерлер сол қараша, желтоқсанда 1 млн 186 мың теңге көлеміндегі сыйақылар мен ісссапар шығындарының заңсыз жиналуын жүзеге асырған», - делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, олардың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан жұмысты төлемақысыз және үшінші тұлғалар үшін орындау жолымен мемлекетке 1,5 млн теңге залал келтірілген.
«Тергеу жұмыстары жалғасуда», - деп атап өтті департаменттен.