БҚО бюджетіне 75 млрд теңге түсті

БҚО қаржы басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, республикалық бюджеттен келген трансферттер (50 пайыз) мен салықтық түсімдер (24,9 пайыз) кірістің негізгі көздері болып табылады.
Алты айда республикалық бюджеттен 37,5 млрд теңге трансферттік қаржы түссе, соның 23,8 млрд теңгесі - субвенциялар. Мақсатты трансферт 13,7 млрд теңгені құрады.
Салықтық түсім құрылымында жеке табыс және әлеуметтік салық (17,4 млрд. теңге) 93,6 пайызға жетті.
Ел қазынасынан түскен 3,4 млрд теңге несиелік қаржының 0,8 млрд теңгесі «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес мамандарды әлеуметтік қолдауға, 1,5 млрд теңгесі жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, 1 млрд теңгесі жылу, су желілерін салу мен қайта құруға, 0,1 млрд теңгесі Орал мен Ақсай қалаларында кәсіпкерлікті өрістетуге бағытталды.
Облыстың шығыс бюджеті 99,6 пайызға (61,6 млрд теңге) орындалды.
Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай 195,4 млн теңгеге 50 автокөлік сатып алынды.
Білім саласындағы шығыс 8,1 млрд теңгені құрады, бұл - барлық шығыс көлемінің 13,1 пайызы. Соның ішінде жергілікті деңгейде техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде мамандар даярлауға 3156,5 млн теңге, арнайы білім беру бағдарламалары бойынша оқытуға 613,2 млн теңге, мамандандырылған мектептерде дарынды балаларға білім беруге 484,1 млн теңге қаралды.
Сол секілді денсаулық сақтау саласындағы шығыс көлемі 7,1 млрд теңгені (11,5 пайыз) құрап, қаржы медициналық қызмет көрсету, дәрі-дәрмекпен қамту мақсатына бөлінді.
Тұрғын үй-коммуналдық салаға 7,7 млрд теңге (12,6 пайыз) қаралып, 1947,5 млн теңге елді мекендерді газдандыруға, соның ішінде Орал жылу-қуат орталығына газ құбырын тартуға 1445,8 млн теңге берілді.