БҚО-да 1 мыңға жуық науқас коронавирустан үйінде емделіп жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 959 науқас коронавирустан үйінде амбулаторлық ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, сонымен қатар облыс стационарларында 333 адам емделуде.

Соның ішінде 155-і модульдік стационарда, 131-і облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.

Стационарлар 31,4 пайызға толған.

Қазіргі кезде 29 емделуші ауыр халде, соның ішінде үшеуі инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 10,3 пайызға төмендеді. Соңғы тәулікте 21 науқас тіркелсе, 58 адам жазылып шықты.

Басқарма мәліметіне қарағанда, биыл 28 468 адам коронавирус жұқтырса, соның 19 684-інде ауру белгісі бар.

Сондай-ақ жыл басынан бері 2651 баладан індет табылса, соның 2563-і сауығып шықты. 88-і емделу үстінде.

Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 37 689 науқас тіркелді.

Өңірде тұрғындарды вакцинациялау жұмысы жалғасуда. Өткен тәулікте 593 адам бірінші компонентпен егілді.

Вакцинациялау науқаны басталғаннан бергі кезеңде 223 233 адам бірінші компонентті қабылдады, бұл – егілуге тиісті тұрғындардың 62 пайызы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы төрт тәулікте 250-ден астам адамнан коронавирус табылғанын, тұрғындардың жартысынан көбі екпе салдырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар