БҚО-да 100-ге жуық баланы күйік шалған
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында балалар арасында жарақат алу азаяр емес. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында балалар мен жасөспірімдер арасында жол-көлік оқиғасынан және тұрмыстық жарақат алудың алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Динара Әбділқалықованың сөзіне қарағанда, балаларды жол-көлік оқиғаларынан сақтандыру үшін, әсіресе, сәуір-мамыр айларында алдын алу шараларын көбірек жүргізу керек. Осы мезгілде көлік тасқыны артып, балалар көшеге жиірек шығады. Биыл жыл басынан бері облыста жасөспірімдердің қатысымен 8 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан бір бала көз жұмды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың мәлім еткеніндей, биыл 5 жасар сәби түнде бесікте жатып, тұншығып қайтқан. Сондай-ақ 54 бала тыныс алу органдарына түрлі затты тығып жіберсе, 99-ын күйік шалған. 68 баланы жануарлар тістеп алған. Оған қоса балаларға қатысты 301 зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Мұның бәрі ата-аналардың өз балаларына немқұрайлы қарауынан, бақылаусыз қалдыруынан болып отыр.
Жиында сондай-ақ облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталығының директоры Зияда Молдағалиева 7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында бекіту науқанының басталғаны жөнінде мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әбдірахманованың айтуынша, 5 сәуірден 31 маусымға дейін елімізде бекіту науқаны жүргізілмек. Осы уақыт ішінде әр адам мекенжайы бойынша емханаға тіркелуі керек. Ал 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет төлейтін санатқа кіретін азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек алатын болады.