БҚО-да 1,1 млн астам алимент төлемеген борышкер қамауға алынды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының соты алиментті қасақана төлемей жүрген борышкерді ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 669-бабына сәйкес (сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) кінәлі деп танып, 5 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған борышкер 2021 жылдың 29 сәуірінен бастап алимент төлемеген. Салдарынан қарызы 1 млн 178,558 мың теңгеге жеткен.
Сот қаулысы күшіне енді.
Жалпы, биылғы жылы облыс прокуратурасының «Алимент бойынша 10 қадам» жобасын жүзеге асыру және қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде алимент борышы 2,4 миллиардтан 1,4 миллиард теңгеге дейін азайған.
«487 миллион теңге сомасындағы алименттік қарыздар өтелді. Уәкілетті органдар арасында өзара тиімді байланысқа қол жеткізілді. 451 борышкер жұмыспен қамтылып, 598-і жұмыспен қамту органдарында тіркелді. Борышкерлердің жылжымайтын мүліктегі 5 үлесі (3 пәтер, жер телімі, тұрғын үйдегі үлесі) сатылып, 75,5 миллион теңге көлеміндегі қарыз өндіріп алушыларға берілді. Борышкерлерді бәс тігушілер ретінде тіркеудің 7 дерегі анықталды. Олар бойынша алимент төлеу міндетінен жалтарғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабына (балаларды асырау үшін қаражат төлеу бойынша міндеттемелерді орындамау, мүгедек ата-ананы, мүгедек жұбайын асырауға қаражат төлеуден жалтару) сәйкес қылмыстық істер тіркелді. Ломбардтарда зергерлік бұйымдарды 114,2 миллион теңгеге сатумен айналысқан 281 борышкер анықталды. 165 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ҚК 139-бабына сәйкес 37 қасақана борышкерге қатысты 37 материал тіркеліп, соның ішінде 4 іс бойынша үкім шығарылды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да субсидияға берілген 20 млн-нан астам теңгенің мақсатсыз пайдаланылғанын жазған болатынбыз.