БҚО-да 14 млн теңгені заңсыз иемденген алаяқтың ісі сотқа жолданды

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті шетел валютасын ірі мөлшерде өткізу дерегі бойынша айыпталған И. деген азаматқа қатысты істі сотқа жолдады. 

БҚО-да 14 млн теңгені заңсыз иемденген алаяқтың ісі сотқа жолданды
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған азамат 2024 жылдың күзінде 25 мың АҚШ доллары және 10 мың еуро көлемінде жалған шетел валютасын одан әрі пайдалану мақсатында сатып алған.

Осылайша, 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында жалған валютаны теңгеге айырбастап, «Loto Club» қосымшасындағы шоттарды толықтырған.

Бұдан кейін лотереяға бәс тігу нәтижесінде ұтысты Қазақстан валютасымен, яғни теңгемен алған.

Сөйтіп ол алаяқтық әрекеттер нәтижесінде 14 млн теңгені заңсыз иемденген.

— Айыпталушының бұл әрекеттері ҚК 231-бабы (жалған шетел валютасын өткізу) және 190-бабы (алаяқтық) бойынша сараланып, сотқа жолданды. Қылмыстық іс Орал қалалық сотында қаралып, үкім шығарылатын болады, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 33 жастағы тұрғынның адамдарды қорқытып, ақша бопсалаумен айналысқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар