БҚО-да 150-дей жылқы ұрлаған күдікті топ ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында мал ұрлығының алдын алу, оның жолын кесу және осындай қылмыстарды ашу бағытындағы жұмыс күшейтілді.

БҚО-да 150-дей жылқы ұрлаған күдікті топ ұсталды
Фото: polisia.kz

20-22 қарашасы аралығында облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Бөкей ордасы ауданының полиция қызметкерлерімен бірлесіп, мал ұрлығын ашуға бағытталған ауқымды жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.

Нәтижесінде мал ұрлығының 6 дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінген төрт адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктілердің жалпы құны 86 млн теңгеден асатын 148 жылқыны ұрлау дерегіне қатысы бар екенін анықтады.

Аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мал ұрлағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айта кетелік Қазақстанда әзірленген GPS-трекер мал ұрлығымен қалай күресіп жатқаны туралы жазған едік.