БҚО-да 2 үйге қарғын су кіріп, жиһаздар жарамсыз болып қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласына қарасты Қызылтал шағын ауданында бір аулада орналасқан екі үйге қарғын су кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да 2 үйге қарғын су кіріп, жиһаздар жарамсыз болып қалды

Оқиға кеше болған. Жеткін Ғайниевтің өзі тұратын үлкен үйдің кіреберісі мен ас бөлмесіне су кірген. Ал баласы Алтынбек пен келіні тұратын шағын үйді су түгел алып кеткен. Көтеріп үлгермегендіктен, жиһаздары мен тұрмыстық техникалары жарамсыз болған.

Осы маңдағы барлығы төрт аулаға су толған.

Ақсай қаласы әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Тоғызбаевтың айтуынша, хабар келген бойда су кірген үйге арнайы бригада барған. Арнайы техникалардың көмегімен су сорылып қана қоймай, сол маңдағы судың бағыты өзгертіліп, басқа арнаға жіберілді. Бір айта кететін жайт, аталған үй іргетасынсыз салынған, сондықтан аулада жиналған су кірген.

Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылып, келген шығын есептелуде. Оның қорытындысы кейін белгілі болады.