БҚО-да 20 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 20269 адам жұмыспен қамтылмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетовтің өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім еткеніндей, соның ішінде бос жұмыс орындарына 7777 адам жіберілмек. Сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобалар бойынша - 487, қоғамдық жұмыстарға - 5067, әлеуметтік жұмыс орындарына - 770, жастар тәжірибесіне 1314 адамды орналастыру көзделуде. Оған қоса 4481 адам кәсіптік оқыту, қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға жолданбақ.
Биылғы 1 қаңтарға 27526 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалар арқылы 4470 жаңа жұмыс орны ашылып, 1119 адам жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы еңбек орнын тапты.
Жалпы, 2017 жылы 11927 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, ол 14269 болып орындалды. Соның 10896-сы немесе 76,4 пайызы - тұрақты.
Айта кетейік, 2017-2020 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында облысқа өткен жылы 3,5 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде бағдарламаның екінші бағыты - жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2 млрд 326,8 млн теңге қаралып, соның 1474,0 млн теңгесі ауыл, 852,8 млн теңгесі қала тұрғындарының шағын несие алуына бағытталды. Биылғы 1 қаңтарға дейін барлығы 327 адам 1 млрд 773,5 млн теңге көлемінде шағын несие алуға қол жеткізді.