БҚО-да 2022 жылы 4 адамнан менингококк инфекциясы анықталған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2022 жылдың 12 айында 4 адамнан менингококк инфекциясы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 0,60 құрады. Тіркелген жағдайлардың барлығы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталып отыр.

Менингококк инфекциясы – әртүрлі клиникалық көріністері бар ең ауыр жедел жұқпалы аурулардың бірі. Инфекция балалар арасында жиі кездеседі, көбінесе инфекция бір жасқа толмаған балаларға жиі жұғады.

Инфекция көзі – ауру адам. Таралу жолы – ауа-тамшысы арқылы. Инфекция мұрынның, ауыз қуысының және жұтқыншақтың шырышты қабаты арқылы ағзаға енеді. Менингококк инфекциясының инкубациялық кезеңі орташа есеппен 4 күнді құрайды, бірақ ол 2-ден 10 күнге дейін де болуы мүмкін.

Аурудың бірінші кезеңінде барлық белгілер тұрақты сипатта болады, сондықтан көбінесе ми қабығының қабынуының басталуын суық тию немесе ЖРВИ деп көптеген адам қателеседі.

Негізгі белгілері:

Бастың ауыруы. Алдымен ол бас айналу, жеңіл сырқаттану ретінде көрінуі мүмкін, уақыт өте келе бас сақинасы сияқты тұрақты сипатқа ие болады.

Тәбеттің болмауы. Сонымен бірге тамақтың құрғауына байланысты үнемі су ішкісі келе беретіндігі байқалады.

Кішкентай пациенттерде диарея пайда болады.

Жалпы әлсіздік, дененің ауырсынуы.

Жарыққа, қатты дыбыстарға және бір нәрсенің жанасуына қатты реакция пайда болады.

Дене қызуы көтеріледі.

Менингококк инфекциясының алдын алу:

- катаральды құбылыстардың алғашқы белгілері пайда болған кезде (бас ауруы, дене қызуының жоғарылауы, тамақтың қызаруы, әлсіздік) дәрігерге қаралу;

- адамдар көп жиналатын орындарға (мәдени-бұқаралық іс-шаралар, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдары) баруды шектеу;

- науқаспен байланысты болдырмау, бетперде пайдалану;

- жеке гигиенаны сақтау, қолды мұқият жуу;

- менингиттің дамуына себеп болатын ЛОР органдарының жедел және созылмалы жұқпалы ауруларын уақтылы емдеу;

- денені шынықтыру және спортпен шұғылдану.

Аурудың белгілері пайда болған кезде, өзін-өзі емдеуге болмайды, ауру ауыр асқынуларға алып келмеуі үшін тезірек дәрігерге қаралу керек.


Соңғы жаңалықтар