БҚО-да 239 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасауда

ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысында барлығы 239 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

БҚО ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің V  форумында айтылғанындай, барлық деңгейдегі және Орал қаласындағы кәсіпорындарда құрылған қоғамдық келісім кеңестерінің құрамына 4507 адам кіреді. Облыстық кеңес 52 адамнан тұрады.
null 

Жиында қоғамдық келісім кеңестерінің тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысуы керектігі сөз болып, жұмыс тәжірибелері ортаға салынды.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қазіргі таңда Қазақстан алдында тұрған басты міндет Елбасы белгілеген әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына ену екендігін жеткізді. Осы орайда экономика және басқа салаларды дамыту өз алдына, қоғамдық сананы жаңғыртудың да маңызы зор. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсеткені мәлім. Мұндай үлкен межеге бірлесіп қана қол жеткізуге болады. Бұл ретте қоғамдық келісім кеңестері ерекше рөл атқара алады. Қоғамдық келісім кеңестері жергілікті орындарда тұрғындармен кеңесе отырып, ең маңызды мәселелерді анықтап, оларды мемлекеттік атқарушы органдар алдына қойып, оңтайлы шешілуіне ықпал ете алады.

Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов желтоқсан айының басында өткен республикалық форумда енді әр қоғамдық келісім кеңесінің тоқсан сайын тұрғындар мәселелерінің шешілуі жөнінде құжат беріп отыруға міндетті екендігін мәлім етті.  Яғни олар қоғамдық бақылаудың іс жүзінде жасалып отырғанын танытуы тиіс. Құжатта кеңеске қандай көкейкесті мәселенің түскені, нендей шешім қабылданғаны және нәтижесі көрсетіледі. Бұл қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін көтеру үшін жасалып отыр.

Форум соңында қоғамдық келісім кеңестерінің белсенді мүшелері, «Үздік медиатор», «Үздік медиация кабинеті» байқауының жеңімпаздары марапатталып, «Туған елім - тірегім» тақырыбында «Достық» фестивалі мәреге жетті. 
null 

Соңғы жаңалықтар