БҚО-да 244 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 244 347 адам вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бұл – облыс бойынша егілуге тиісті тұрғындардың (414 389) 59 пайызы.
Соның басым бөлігі немесе 175 574-і ресейлік «Спутник V» вакцинасын қабылдады.
Орал қаласында барлығы 224 092 адам егілуі тиіс болса, соның 125 673-і егілді.
Өңірде 224 304 адам (54 пайыз) екінші компонентті салдырды.
Қазіргі кезде 84 233 доза І, 104 276 доза ІІ компонент бар.
Облысқа бірер күнде Pfizer вакцинасы жеткізілмекші.
Басқарма мәліметіне қарағанда, пандемия басталғаннан бері тіркелген 39 441 науқастың 36 506-сы жазылып шықты. 830 адам коронавирустан көз жұмса, соның 661-і биылғы жылдың үлесіне тиеді.
Күні бүгін амбулаторлық ем алып жатқан 392 науқастың 78 пайызының ауруы жеңіл өтуде. 9 пайызы – орташа, 13 пайызы – симптомы жоқтар.
Емханалар жанында 132 мобильді бригада жұмыс істеуде, олар тәулігіне 700-ден астам шақыртуға барады.
Облыста 821 төсектік 16 инфекциялық стационарда 132 науқас жатса, соның 10-ы ауыр халде. Бұлардың алтауы инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына, төртеуі оттегі концентраторына қосылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың 97 пайызы вакцина алмағандар екенін, қараша айында 460-қа жуық адамнан індет анықталғанын жазған болатынбыз.