БҚО-да 251 км автожол жөнделді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2016 жылы 251 автожол жөнделді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО-да 251 км автожол жөнделді

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, соның 105,5 шақырымы - республикалық, 145,5 шақырымы - жергілікті жолдар.

Жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға 16 млрд астам теңге жұмсалды. Соның ішінде Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолын «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес қайта салу жұмысы жалғасуда. Сондай-ақ республикалық Чапаев-Жалпақтал-Қазталов, Қазталов-Жәнібек, Орал-Атырау жолының кейбір бөліктері, облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала, Ақсай-Шыңғырлау, Аңқаты-Сарыөмір, Жымпиты-Қаратөбе, Орал-Кирсанов және Бұлдырты ауылына кіреберіс жол күрделі жөнделді.

Орал қаласында 16 көшеде 18 км жол жөнделсе, соның ішінде 8 көшеде аяқталды, қалғаны келесі жылы мәреге жетпек. Бұған барлығы 2,6 млрд теңге қаралса, соның 545 млн. теңгесі жергілікті, 255 млн теңгесі республикалық бюджет, 1,8 млрд теңгесі «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен берілді. Оған қоса «ҚПО б.в.» қаржысына Бөрлі-Ақсай жолының 38 шақырымы орташа жөндеуден өткізілді.

«Өңірдегі автожолдардың жөнделуін Елбасымыз үнемі назарда ұстап отыр, соған сәйкес тиісті қаржы бөлінуде. Сондықтан  жолдарды күрделі жөндеу жаңа жылда да жалғасатын болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне облыс әкімі Алтай Көлгінов. 

null