БҚО-да 31 млн теңгенің заңсыз темекі өнімдерін сатумен айналысқан кәсіпкер сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биыл қайдан шығарылғаны белгісіз 100 мыңнан астам темекі қорабы көлеңкелі айналымнан алынды.

ҰҚК Шекара қызметі темекі өнімдерін заңсыз әкелудің жолын кесті
Фото: ҚР ҰҚК

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ерсайын Жұмабаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, жеке кәсіпкер Орал қаласы аумағында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан.

Атап айтқанда, шетелден шығарылған, цифрлық таңбалаусыз, түрлі маркадағы құны 31 млн астам теңге тұратын 41 мыңнан астам темекі қорабын заңсыз тасымалдап, сақтап, өткізген.

«Аталған кәсіпкер 2023 жылғы шілде айында Оралдағы «Мирлан» орталық базар аумағында заңсыз темекі өнімдерін сатқан. Оған қоса Зачаган кентіндегі автокөлікке техникалық көмек көрсету станциясын қойма ретінде пайдаланып, темекіні сақтаған», деді Е.Жұмабаев.

Орал қалалық сотының үкімімен сотталушы ҚР ҚК 214-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды. Оған 1 мың АЕК көлемінде, яғни 3 млн 692 мың теңге айыппұл салынды.

Үкімге сәйкес барлық темекі өнімдері, сондай-ақ сотталушы темекі өнімдерін тасымалдаған кезде қылмыс құралы ретінде пайдаланған «OPEL ZAFIRA» автокөлігі мемлекет пайдасына тәркіленді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да экономикалық қылмыстан 628 млн теңге залал келгенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар