12:17, 17 Ақпан 2017 | GMT +5
БҚО-да 34 елді мекенге газ құбыры тартылады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында бес ауданда 34 елді мекенге газ құбыры тартылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов тұрғындармен есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өңір басшысының сөзіне қарағанда, шалғайдағы Бөкей ордасында 11, сондай-ақ Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Сырым аудандарында тағы 23 елді мекенге газ жеткізіледі.
Оған қоса облыс орталығындағы Орал жылу-қуат орталығына резервтік газ құбыры құрылысы (2 млрд. теңге) аяқталады.
«Қазіргі таңда тұрғындардың 93,6 пайыздан астамы, яғни 275 ауыл, 593 мың тұрғын «көгілдір отынмен» қамтылған. Өткен жылы Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Теректі аудандарының 17 ауылына газ құбыры тартылып, 8 мыңнан астам тұрғын от жағып, күл шығару машақатынан құтылды. Алдағы мақсат - облыс тұрғындарын газбен түгелдей қамту», деді Алтай Көлгінов.