БҚО-да 40-тан астам адамның АИТВ инфекциясын жұқтырғаны тіркелді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 44 адамның АИТВ инфекциясын жұқтырғаны тіркелді, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 20 пайызға төмен.
Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аталмыш инфекция деректерінің азаюы тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстардың күшейе түсуі аясында байқалады. Сонымен қатар барлық азаматтың жылына кемінде бір рет АИТВ инфекциясына тексеруден өтуі маңызды.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, уақытылы тестілеу инфекцияны ерте сатыда анықтап, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.
— Аумақтық бөліністе облыс орталығы негізгі таралу ошағы болып қалып отыр. Инфекция жұқтырғандардың 29-ы немесе үштен екісі (66 пайызы) Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бөрлі ауданында 5, Бәйтеректе 4, Тасқала мен Теректіде екі-екіден, Сырым мен Бөкей ордасында бір-бірден дерек тіркелді, — дейді Н.Мұстаев.
Оның айтуынша, алғаш рет анықталған пациенттер құрылымына жасалған талдау инфекцияның осал топтар шегінен шығып, халықтың барлық топтарын, негізінен еңбекке қабілетті және экономикалық белсенді жастағы адамдарды қамтитынын көрсетеді. Соның ішінде 28-і немесе 63,6 пайызы — ерлер, 16-сы немесе 36,4 пайызы — әйелдер.
Пациенттердің 39 пайызы 40-49, 29,5 пайызы — 30-39, 11,4 пайызы — 20-29, 7 пайызы — 50-59 жастағылар, 9,1 пайызы — 60-тан асқандар. жастағылар.
Инфекцияның 73 пайызы жыныстық, 25 пайызы инъекциялық есірткіні қолданумен байланысты парентералды жолмен жұққан. Тік берілу жолы (ретроспективті) — 2 пайыз: эпидемиологиялық зерттеп-тексеру барысында өткен кезеңдерге жататын баланың инфекцияны жұқтыруының бір фактісі анықталды.
— Облыста тік (анадан балаға) берілу жолына қатаң және үздіксіз бақылау қамтамасыз етілуде. Жыл басынан бері АИТВ-мен өмір сүретін 9 жүкті әйел медициналық бақылауда болды. Олардың барлығы дені сау балаларды дүниеге әкелді, — деп қосты Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың басым бөлігі Оралда тіркеліп отырғанын жазған едік.