БҚО-да 5 баласы өрттен көз жұмған отбасының айлық табысы белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай БҚО-да бес баласы өрттен көз жұмған отбасының ай сайынғы табысын атап көрсетті.

жалақы
Фото: Kazinform

— БҚО-да 5 баласы өрттен көз жұмған отбасына қатысты айтар болсақ, бұл отбасы көпбалалы отбасы ретінде және 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы алып келген.

Жалпы алғанда 134 мың теңге көлемінде жәрдемақы алған, - деді ол Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ вице-министр қазіргі таңда елімізде баласынан айырылған анаға төлем жасау тетігі жоғын атап өтті және жапа шеккен отбасының отағасы жұмыс істегенін айтты. 

— Балалардың әкесі жұмыс істеген, оның жалақысы шамамен 190 мың теңге болған. Жалпы алғанда бұл отбасындағы жан басына шаққандағы табыс көлемі 47 мың теңге болған. Отбасы жергілікті атқарушы органдарға көмек сұрап жүгінбеген, - деді ол.

Еске салсақ, 4 маусым күні Батыс Қазақстанда өрттен бір отбасынан бес бала көз жұмды.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар