БҚО-да 50 гидротехникалық құрылымның тең жартысы жөндеуді қажет етеді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында суармалы жер көлемі 12 441 гектарға дейін жеткізілді.

гидротехникалық құрылысжай
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың облыстық мәслихаттың кезектен тыс 21-сессиясында мәлім еткеніндей, өткен жылы бұл көрсеткіш 10 160 га болған еді.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде 11 712 га алқапта немесе 94 пайызында су үнемдеу (жаңбырлатып және тамшылатып суару) технологиясы қолданылады. Қалған 729 гектары арық арқылы суарылады.

— Күні бүгін облыста 50 гидротехникалық құрылымның 25-і жөндеуді қажет етсе, соның үшеуі — республикалық, 20-сы — коммуналдық, екеуі — жеке нысандар. 2024 жылы 10 су қоймасында (төртеуі — республикалық, алтауы — коммуналдық меншікте) реконструкциялау және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 14 су қоймасын реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр, — деді Т.Каюпов.

Оның айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында 18 қорғаныс бөгеті қалпына келтірілді. Тағы бір нысанда жұмыстар аяқталуда. Мұндай бөгеттердің жалпы ұзындығы — 37,1 км.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сумен қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба қолға алынғанын жазған едік.

Сондай-ақ су тасқынына дайындық барысында Батыс Қазақстанда бірнеше өзеннің арнасы кеңейтілді.

Соңғы жаңалықтар